Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновтің іздеуде жүргені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Ол іздеуде, бірақ біз бастамашы емеспіз. Қылмыстық істердің бар екенін негізге ала отырып, құзырлы органдарға жүгінуіңіз қажет. Бұл мәселені бастамашымен бірге шешеміз", — деді министр.

Айта кетейік, бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жариялауға прокуратура бастамашы болған.

Бұған дейін Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат шыққанын хабарлағанбыз.

Порталда жарияланған мәлімет бойынша, іздестіру ісі 29 тамызда Алматыда тіркелген. Іздеуді прокуратураның бастамасымен Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

"Юрист" ақпараттық-құқықтық жүйесіндегі мәліметке сәйкес, Мақсат Дүйсенов 2018 жылғы қаңтардан 2018 жылғы тамызға дейін Қазақстанның бас көлік прокурорының бірінші орынбасары болған.

Ал 2018 жылғы тамыздан 2019 жылғы сәуірге дейін Қазақстанның бас көлік прокуроры қызметін атқарған.

Бұдан бөлек, Мақсат Дүйсенов ІІМ органдарында, Қаржы полициясында, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс істеген.

Сондай-ақ ол ҚР Қауіпсіздік кеңесінің сектор меңгерушісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары болған.

ІІ дәрежелі "Құрмет" және "Айбын" ордендерімен марапатталған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз