Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі инфляцияның алдағы жылдары өте жоғары деңгейде болатынын және теңге құнсыздануын жалғастыратынын көрсетіп отыр.

Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов Астанада өтіп жатқан ITS Ideas конференциясында осындай пікір білдірді.

«Қазір Қазақстанда мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілік сызығына қарасақ, жеті жыл мерзімге Қаржы министрлігіне 17% жылдық мөлшерлемемен қарыз беруге болады. Негізі, бізде бұл сызық тегіс, біркелкі деуге болады, бұл Орталық банк ештеңені жеңе алмайды деген сөз, сондықтан алдағы 15 жылда инфляция орта есеппен өте жоғары болады, не нарық қатысушылары ештеңеге сенбейді дегенді білдіреді», – деді ол ITS Ideas форумында сөйлеген сөзінде.

Турловтың пікірінше, инвесторлар өздерінің нарықтағы айтарлықтай мүмкіндіктерін бар ережелер аясында дұрыс бағаламауы мүмкін.

«Егер елімізде Орталық банк инфляцияны мақсатты деңгейге дейін төмендетсе, онда Қазақстанның мемлекеттік облигацияларының кірістілігі тым жоғары болып шығады. Яғни оларды сатып алу керек, сонда 2-3 есе пайда табуға болады. Бұл мемлекеттік қағаздардың қайта бағалануы өте үлкен болуы мүмкін», – деп атап өтті Турлов.

Осыған байланысты, Турловтың ойынша, елімізде жоғары мөлшерлемелер дәуірі «ұзақ жылдарға» жалғасады.

«Бізді өте әлсіз ұлттық валюта, өте жоғары инфляция күтіп тұр, әрі бұл көптеген жылдарға созылады. Сондықтан бұл жоғары мөлшерлемелердің өзі инвесторлар үшін толықтай тиімді болмауы мүмкін», – деді кәсіпкер.

Сондай-ақ, ол соңғы 15 жылда дамушы елдердің реттеуші органдары нарықтық үдерістерге АҚШ, Еуроодақ пен Жапонияның әріптестеріне қарағанда әлдеқайда сирек араласқанын атап өтті.