2025 жылдың 3 қыркүйегінде "Bank RBK" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаевтың амнистиямен босатылғаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Журналист Михаил Козачков өз Telegram-арнасында дереккөзге сілтеме жасап, 2 қыркүйекте жалпы режимдегі колониядан белгілі банкир Жомарт Ертаевтың босатылғанын жазды. Ол 2020 жылы Bank RBK банкінен 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін сотталған болатын.

Ақпаратта атап өтілгендей, Ертаевтың тергеу изоляторында өткізген уақыты бір күн — бір жарым күн есебімен өлшенген. Ол изоляторда ұзақ уақыт отырған, әрі оған отыру мерзімі бойынша кемінде бір жыл қалған. Осыған байланысты сот амнистия қолдану туралы шешім шығарған.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады:

"Аталған сотталған азамат сот үкіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеген. Сот шешімі негізінде оған амнистия актісі қолданылды, осыған байланысты ол босатылды. Қосымша айта кететін жайт, сотталғандарға қатысты шешім шығару соттың құзыретіне жатады. Сонымен қатар, ол пробация қызметіне есепке алынды, яғни әрі қарай бақылауда болады", – деп түсіндірді комитет.

Редакция бұл мәселеге қатысты Алматы облысының сотына да сұраныс жолдады.

Еске салсақ, 2020 жылдың қарашасында Алматыда Жомарт Ертаев Bank RBK-тен 144 млрд теңге ұрлады деген айыппен кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияға 11 жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленді. 2021 жылдың наурызында оған қатысты екінші қылмыстық іс бойынша тағы 9 жыл жаза кесілді. Екі үкім қосылып, жалпы жаза мерзімі 11 жыл болып бекітілді. Дегенмен, 2021 жылдың мамырында жаза мерзімі 9 жылға қысқартылған болатын.