Астана соты бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарды. Бұған дейінгі сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды KAZ. NUR.KZ.
Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырда Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Іс бойынша екінші айыпталушы Success К компаниясының басшысы Ләззат Көккөзова 190-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Кейін Ерлан Қожағапановты қорғаушы тарап сот үкіміне шағым түсіргені белгілі болды.
Елорда өткен сотта апелляциялық шағым қаралды. Экс-вице-министр мен Ләззат Көккөзованың қорғаушылары олардың кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Ал прокуратура керісінше жазаны қатаңдатуды талап етіп, Ерлан Қожағапановқа бас бостандығынан айыру мерзімін 7 жылға дейін ұлғайтуды сұрады.
Бүгін сот шешімі шығып, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады, үкім өзгеріссіз қалды. Ерлан Қожағапанов пен Ләззат Көккөзова осыған дейін белгіленген жазаны өтейді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз