Бұл көпірге соңғы екі жыл ішінде жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Өскемен қаласында ішінара бүлінген Шнайдар көпіріне техникалық сараптама жүргізу үшін Алматыдан мамандар шақырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл көпірге соңғы екі жыл ішінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы мөлшері 600 млн теңге игерілген. Енді көпірге тексеру жүргіземіз. Мердігер компанияның кепілдік міндеттемелері бар. Солардың негізінде көпірді қалпына келтіру жұмыстары атқарылады", – деді қала әкімі Алмат Ақышов.
Өз сөзінде ол көпірді мейлінше қысқа мерзімде қалпына келтіруге тырысатындықтарын жеткізді.
"Бұл қаланың көлік жүйесін айтарлықтай жеңілдететін маңызды көпір. Сол себепті 2-3 айдың ішінде оны қалпына келтіруге тырысамыз", – деді әкім.
Айта кетейік, кеше қалада су шайған Шнайдар көпірі жартылай құлап, жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған еді. Сөйтіп, Үлбі өзенінің екі жағалауын қосатын айналма жолмен жүру мүмкін болмай қалды. Бұл көлік қозғалысын айтарлықтай қиындатты.