13–21 қыркүйек аралығында Хорватияның астанасы – Загребте күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Елімізде балуандық өнердің бай дәстүрі бар екенін барша жұрт жақсы біледі. КСРО дәуірінде Анатолий Колесов, Валерий Анисимов, Владимир Бакулин, Валерий Резанцев, Анатолий Назаренко, Анатолий Быков, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановтың есімдері әлемдік спорттық шежіреде алтын әріптермен жазылды . Сол жеңіспен өрілген дәстүр тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасты.
Әңгімеміздің «әлқиссасын» грек-рим күресінен бастасақ. Еліміздің ұлттық құрамасы әлем чемпионаттарына 1993 жылдан бері үзбей қатысып келеді. Сол жылы Швецияның бас шаһары Стокгольмде өткен бәсекеде Дәулет Тұрлыханов (82 кг) күміс медальды мойнында жарқыратты. Финалда түркиялық Хамза Ерлікайдан ұтылды. Сөйтіп, бұған дейін әлем чемпионатының алтыны мен қола медалін олжалаған даңқты балуанымыз Скандинавия түбегінде де жеңіс тұғырына көтерілді.
1994 жылы сегіз балуанымыз Финляндияның Тампере қаласына сапар шекті. Солардың арасынан Юрий Мельниченко (57 кг) суырылып шықты. Барлық қарсыластарын қапы қалдырып, әлем чемпионы атанды. Финалда ресейлік Александр Игнатенконың тас-талқанын шығарды.
1995 жылғы дүниежүзілік доданы Чехияның астанасы қабылдады. Прагада қоржынымызға қос күміс медаль түсті. Оның иегерлері – Юрий Мельниченко (57 кг) мен Бақтияр Байсейітов (74 кг). Қос балуан да асқан шеберлік танытты. Мельниченко бастапқы бәсекелердің бірінде әйгілі Александр Игнатенконы ұтса, Байсейітов жартылай финалда Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің үш дүркін чемпионы Мнацкан Искандеряннан айласын асырды. Бірақ ақтық айқаста жерлестеріміздің жолы болмады. Юрий америкалық Денис Халға, Бақтияр француз Ивон Риамерге есе жіберді.
1997 жылы Польшаның Ворцлав қаласында Юрий Мельниченко (58 кг) екі дүркін әлем чемпионы атанды.
1998 жылы Швецияның Евле қаласында еліміздің балуандары өздерінің мықтылығын түпкілікті мойындатты. Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста біздің команданың қоржынына қос алтын медаль түсті. Мхитар Манукян (63 кг) қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып өтті. Бақтияр Байсейітов (76 кг) финалда Олимпиада чемпионы, кубалық Роберто Фелиберто Аскуяны таза ұтты.
1999 жылы Грекияның Афинасында Мхитар Манукянның (63 кг) қайта бағы жанды. Ол жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Юрий Мельниченко (63 кг) екінші мәрте күміс жүлдегер атанды.
2001–2009 жылдар аралығында Қазақстан құрамасы жеті әлем чемпионатына қатысып, соның төртеуінен қоржыны бос қайтты. Атап айтсақ, 2001, 2002, 2006, 2007 жылдары жерлестеріміз өз жанкүйерлерін қуанта алмады. 2003 жылы Георгий Цурцумия (120 кг) қола медаль алса, 2005 жылы Ермек Көкетов (55 кг), 2009 жылы Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг) сол межеден көрінді.
2010 жылы Мәскеуде қос қандасымыз – Алмат Кебісбаев (60 кг) пен Нұрмахан Тыналиев (120 кг) қола медаль иеленді. 2011 жылы Ыстанбұлда Алматтың алтын алуға тамаша мүмкіндігі болды. Алайда финалда қандасымыз ирандық Омид Ноуризиге есе жіберді. Нұрмахан тағы да үшінші орынға табан тіреді. 2013 жылы Будапештте Н.Тыналиев әлемдік додада үшінші рет қола медальды еншіледі.
2015–2021 жылдар аралығында Алмат Кебісбаев (59 кг, 63 кг, 67 кг) тағы үш рет қола медальды олжалады. Осы жылдары ұйымдастырылған жарыстарда Алматтан бөлек, тағы біреше балуанның бағы жанды. Атап айтсақ, 2015 жылы Лас-Вегаста Досжан Қартықов (75 кг) күміс алса, 2017 жылы Парижде Мейрамбек Айнағұлов (59 кг) пен Демеу Жадыраевтың (71 кг) бас жүлдені олжалауға тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ шешуші сайыста Мейрамбектің жапониялық Кэнъитиро Фумитаға, Демеудің германиялық Франк Штеблерге әлі жетпеді.
2018 жылы Будапештте Айдос Сұлтанғали (60 кг) мен Мейіржан Шермағаханбет (67 кг) үшінші сатыға жайғасты. 2019 жылы Астанада Қорлан Жақанша (55 кг) екінші, Мейрамбек Айнағұлов (60 кг) үшінші орындарды еншіледі.
2022 жылы Белградта Айдос Сұлтанғали (60 кг) үздік үштікті түйіндеді. 2023 жылғы Сербияның астанасындағы жарыста жерлестеріміз тегіс ұтылды. Былтыр Тиранада Олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өткен әлемдік додада Ержет Жарылқасын (63 кг) ерледі. Финалға дейін жеткен ол әзербайжандық Нихат Мәмедлиден ұтылып, күмісті қанағат тұтты.
1993–2025 жылдар аралығында жалауы желбірген әлем чемпионаттарында еліміздің грек-рим күресі шеберлері 5 алтын, 9 күміс, 15 қолаға қол жеткізді. Барлығы – 29 жүлде. Әрине, бұл аз табыс емес. Дегенмен бізді қынжылтатыны – алтынның аздығы. Бас жүлденің бесеуін де біз ХХ ғасырда алдық. Соңғы рет 1999 жылы Афинада әнұранымыз шырқалды. Содан бері ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Нақтылап айтсақ, 26 жылда 20 жарыстың жалауы желбіреді. Сол уақыт ішінде күрестің осы түрін серік еткен бірде-бір саңлағымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алған жоқ.