Қырғызстанның альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Эдуард Кубатов ресейлік альпинист Наталья Наговицына қаза тапқанын растады. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.

Қырғыз альпинисі Наговицына орналасқан «Құс» жартасы маңындағы жағдайды егжей-тегжейлі бейнеқұжаттап көрсеткен кадрлармен бөлісті. Бейнематериалдар 2 қыркүйекте «Жеңіс шыңы» баурайындағы «Оңтүстік Энилчек» базалық лагерінен биік ұшатын дронның көмегімен екі рет түсірілген.

— Өкінішке қарай, Наталья Наговицынада өмір белгілерінің жоқтығын мәлімдеуге мәжбүрміз. Барлық құтқару операциясы тоқтатылды, бәріміз үшін ауыр болса да, осы қайғылы фактіні мойындауымыз керек. Бейнематериалдардың барлығы (10 минуттан аса) Натальяның ұлына тапсырылады, — деп жазды ол.

Эдуард Кубатов атап өткендей, қырғыз тарапы альпинисті құтқаруды ұйымдастыру үшін барлық мүмкіндікті жасаған, алайда шыңның тым биік болуы, ауа райының қолайсыздығы, тікұшақтың қонуына жағдайдың болмауы және құтқарушылардың физикалық жағдайы күткен нәтижеге жетуге мүмкіндік бермеген.

— «Жеңіс шыңы» тарихында 7200 метр биіктікте бірде-бір сәтті құтқару операциясы болған жоқ, сондықтан біз құтқарушы альпинистердің өміріне одан әрі қауіп төндіруге қақымыз болмады, — деді қырғыз спортшысы.

Еске сала кетсек, 12 тамыздан бері ресейлік альпинист Наталья Наговицына сынған аяғымен 7 мың метрден астам биіктікте көмек күтумен болған. Оның төменгі жағында италиялық альпинистің денесі қалған. Ол жарақат алған ресейлік әйелді төмен түсіруге тырысқан, бірақ қолының үсуінен және ми ісінуінен көз жұмған.

23 тамызда Қырғызстан ТЖМ құтқарушылары ауа райының нашарлауына байланысты Ресей азаматы Наталья Наговицынаны іздестіру жұмыстарын тоқтатты.