Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен атом энергетикасын дамыту мәселесін егжей-тегжейлі талқылаған. Бұл саланы дамыту үшін Қазақстан CNNC компаниясын тартуды көздеп отыр.
Бұл туралы бүгін Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
Ақорданың мәліметіне сүйенсек, өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға және осы бағытта білікті мамандар даярлауға мүдделі екенімізді жеткізіп, аталған саладағы ынтымақтастық мәселесі Төраға Си Цзиньпинмен кездесу кезінде егжей-тегжейлі талқыланғанын айтқан көрінеді.
«Бұл бағыт бойынша өзара ықпалдастығымыздың келешегі зор екенін атап өттік. Екі ел осы салада стратегиялық серіктестер болуы керек деп уағдаластық. Біз бұл жұмысқа CNNC компаниясын тартуды көздеп отырмыз. Бүгін осы компанияның басшылығымен кездесу болады. SANY компаниясы да біздің нарығымызда белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияларға ризашылығымды білдіремін. Дәстүрлі қуат көздерін дамыту – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы. Энергетика саласындағы бірлескен жобалардың барлығы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп санаймын», – деді Президент.