Алматыда жыл басынан бері электросамокат жүргізушілерінің 11 922-ден астам құқық бұзушылығы анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі 2 қыркүйекте мәлімдегендей, кейінгі тәуліктің өзінде 1 076 заңбұзушылық тіркелген. Оның ішінде:

  • жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын талаптарды бұзу – 846 жағдай;
  • жаяу жүргіншілер мен өзге де қатысушылар тарапынан жол ережесін бұзу – 229 жағдай;
  • ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы – 5 жағдай.

Сонымен қатар полицейлер самокаттардың тротуарға және жолға тасталып кету фактілерін де тіркеп жатыр. Бұл – жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіреді. Осыған байланысты 69 электросамокат айыптұраққа қойылған.

ПД өкілдері кикшеринг компанияларының бірімен келісімге қол жеткізгенін де хабарлады. Соның аясында полицияға 50 самокат пен шлем жиынтығы тегін беріледі.

"Бұл патруль кезінде қызметкерлердің қозғалысын жеңілдетіп, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Полиция ескертеді: электросамокаттар мен электрвелосипедтерді пайдалану тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды талап етеді. Тек сонда ғана жол-көлік оқиғаларын азайтып, барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады", – делінген Алматы ПД хабарламасында.