Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қолма-қол ақшамен және бөліп төлеуге арналған әртүрлі баға белгілеу бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.

Парламент палаталарының бірлескен отырысы алдында журналистердің сауалына жауап берген ол қазір «бөліп төлеу» деген желеумен азаматтарға пайыздық үстемесі бар несие рәсімделетінін атап өтті.

Әбілқасымованың айтуынша, мұндай жағдайда тұтынушы тауардың нақты құнын және бөліп төлеу кезінде қосылатын үстемені ашық көруі тиіс.

  • Қолма-қол алынса – бір баға көрсетілуі,

  • Бөліп төлеу арқылы рәсімделсе – қосымша үстеме нақты жазылуы қажет.

Сонымен қатар, агенттік басшысы несие рәсімдеген кезде азаматтар пайыздық мөлшерлеме мен артық төлем сомасы туралы толық ақпарат алуы тиіс екенін жеткізді. Оның пікірінше, бағаны саралап көрсету тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді.