Қазақстанда ірі сомадағы несиеге өтініш жазғаннан кейін, қарыз алушыға тағы бір ойлануға қосымша уақыт беріледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Атап айтқанда, несие туралы шартқа қол қойғаннан кейін, банк белгілі бір уақыт аралығында клиентке қаражатты аудармайды. Бұл тұрғыда қарыз алушыға тағы да ойлануға мүмкіндік беріледі, яғни осы уақыт аралығында ол несиеден бас тарта алады.

Агенттік басшысының айтуынша, егер несие сомасы 1 млн теңгеден асса, қарыз алушыға 24 сағатқа қосымша уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында клиенттер алаяқтардың құрбаны болмас үшін тиісті тексеріс жасалады.

"Сонымен қатар қарыз алушы алаяқтардың ықпалында болса, есін жиып, бәрін ойланып, несие алудан бас тартуға мүмкіндігі бар. Несие миллион теңгеден асқан жағдайда, 24 сағаттық мерзім беріледі.

Бұдан бөлек, 150-ден 250 АЕК-ке дейінгі (600 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін) несиеге 8 сағаттық уақыт белгіленді. Бұған дейін осындай несиені бірнеше минутта алуға мүмкін болатын", - деді Мәдина Әбілқасымова.

Айта кетейік, бұған дейін Мәдина Әбілқасымова банк карталарына қатысты жаңа ережелер туралы айтқан еді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз