Қазақстан Ұлттық банкінің (ҚҰБ) төрағасы Тимур Сүлейменов 2 қыркүйекте Үкіметтің кулуарында өткен брифингте 2025 жылы доллар бағамынан не күтуге болатынын айтып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ұлттық банк басшысы қолда бар деректерге сүйене отырып, мемлекеттік бюджетті қайта қарау немесе өзгерту жоспарланбағанын атап өтті.

"Бірақ бұл сұрақ Қаржы министрі мен Экономика министріне бағытталуы тиіс. Сондықтан бұл бағытта қандай да бір өзгерістерді күтпейміз. Инвестициялық бағдарламалар тұрғысынан алғанда, олар күзде іске асады – белсенді инвестициялық цикл басталады, халық келісімшарттарды жабады. Бұл тұрғыда инвестициялық белсенділіктің, сауда-экономикалық және өзге де қызметтердің артуын күтеміз. Валюта бағамына келсек: біз сыртқы жағынан нашарлауға негіз жоқ деп санаймыз, ішкі алғышарттар да жеткілікті түрде күшті, сондықтан ұлттық валюта бағамында айтарлықтай ауытқулар болмайды деп ойлаймыз", – деді Тимур Сүлейменов.

Журналистердің "доллар 1000 теңге бола ма?" деген сұрағына Ұлттық банк басшысы: "Ешқашан", – деп жауап берді.

"Меніңше, мұндай сұрақтың қойылуы – тек теориялық жорамал деңгейінде. Мен айттым ғой, сыртқы сауда балансы, төлем балансы, ішкі инвестициялық мүмкіндіктер мен экономиканың даму жағдайына байланысты бәрі тұрақты. Қара аққулар (яғни күтпеген жағымсыз жағдайлар) болмайды деп үміттенейік, сонда бағамда айтарлықтай өзгерістер болмайды", – деп толықтырды Тимур Сүлейменов.

Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметі елдегі валюта нарығына қатысты ақпараттық хабарлама таратқан болатын.