Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова үкімет кулуарында неліктен банк картасынан қолма-қол ақшаны тек иесі ала алатыны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мәдина Әбілқасымова бұл бағытта қауіпсіздік шаралары қабылданғанын атап өтті.
"Бұл есірткінің заңсыз айналымына және алаяқтыққа қарсы күреспен байланысты карточкаларға қатысты ережелерді қатаңдату аясында қабылданған шара. Біз бір банкте бір адамға ашылған карта 10-нан аспауы керек деген шектеу енгіздік. Бір адамға 200-ден астам карта берілген жағдайлар болды, олар – дроперлер", — деді Қаржы нарығын реттеу агенттінінің басшысы.
Оның айтуынша, күйеуінің картасынан тіпті әйелі ақша ала алмайды.
"Бұл картаны пайдалану талаптарының қатаңдатылуымен және картаны сол адамның өзі пайдаланғанын верификациялаумен байланысты. Жалпы алғанда, төлем картасы оны пайдаланып жүрген адамға тиесілі екенін тексерген дұрыс", — деп түйіндеді сөзін Әбілқасымова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз