Аталған темір жолдың екінші желісі биыл іске қосылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың бірқатар басым бағыттарына тоқталды.

"Қазақстан Қытайдың жақын көршісі және сенімді серіктесі ретінде Төраға Си Цзиньпин ұсынған "Бір белдеу, бір жол" жаһандық бастамасын қолдайды және оны жүзеге асыруға белсене қатысады. Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз арқылы өтеді. Биыл "Достық – Мойынты" темір жолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін "Қытай – Еуропа" транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді", – деді президент.

Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық.

"Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымалданатын жүктің көлемі белсенді түрде артып келеді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ірі инфрақұрылым жобалары іске қосылды. Соның ішінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сианьдағы құрғақ порт бар. Сондықтан қытай компанияларының көлік-транзит саласындағы жобаларға қатысуына мол мүмкіндік бар деп күмәнсіз айтуға болады", – деді мемлекет басшысы.