Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланды, деп хабарлайды Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Порталда жарияланған мәлімет бойынша, іздестіру ісі 29 тамызда Алматыда тіркелген.
Іздеуді прокуратураның бастамасымен Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
NUR.KZ тілшісі қосымша ақпарат алу үшін Алматы полиция департаментіне жүгінді.
Айта кетейік, Мақсат Дүйсенов 2018 жылғы қаңтардан 2018 жылғы тамызға дейін Қазақстанның бас көлік прокурорының бірінші орынбасары болды.
Ал 2018 жылғы тамыздан 2019 жылғы сәуірге дейін Қазақстанның бас көлік прокуроры қызметін атқарды.
Бұдан бөлек, Мақсат Дүйсенов ІІМ органдарында, Қаржы полициясында, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс істеген.
Сондай-ақ ол ҚР Қауіпсіздік кеңесінің сектор меңгерушісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары болған.
ІІ дәрежелі "Құрмет" және "Айбын" ордендерімен марапатталған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз