Қаза тапқандар мен жарақат алғандар бар.

Ауғанстанның шығысындағы Кунар провинциясында магнитудасы 6 балл болатын жер сілкінісі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Кунар провинциясының бірнеше ауданы ең көп зардап шекті. Жолдарды көшкіндер басып қалған, құтқару жұмыстары тікұшақтардың көмегімен жүргізіліп жатыр. 500-ден астам адам жарақат алды. Алдын ала мәліметке сәйкес, 250-ден астам адам қаза тапты. Елдің денсаулық сақтау министрлігі қаза тапқандар саны көп болуы мүмкін екенін айтады.

Ауғанстанның уақытша үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Мужахид X желісінде жер сілкінісі салдарынан адам шығыны болғанын растады.

"Өкінішке қарай, бүгінгі жер сілкінісі шығыс провинциялардағы адамдардың қаза болуына және дүние-мүліктің жойылуына әкелді", – деп жазды ол.

Оның сөзінше, құтқару жұмыстарына жергілікті билік пен тұрғындар жұмылдырылды. Жергілікті билік бұл ел тарихындағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірі екенін баса айтты. Аймақта екі рет қайталама дүмпу тіркелді.

АҚШ Геологиялық қызметі жер сілкінісінің эпицентрі Джелалабад қаласынан 27 шақырым солтүстік-шығыста, Пәкістан шекарасына жақын жерде орналасқанын жазды.