Биыл күнтізбеде 1 қыркүйек жексенбіге сәйкес келіп тұр.

Бүгін 360 мың бала мектеп табалдырығынан алғаш рет аттайды. Еліміздің барлық өңірінде ұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 6 тамызда өткен үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– 1 қыркүйек — дәстүрлі маңызды күн. Жыл сайын балаларға арналған салтанатты іс-шаралар өтеді. Биыл да Білім күніне арналған салтанатты шара, линейка өтеді, – деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, 2025-2026 оқу жылында елде 7859 мектеп балаларға білім бермек. Ғани Бейсембаев оның ішінде 6387 мектептің жағдайы жақсы екенін айтқан еді.

Бұған дейін министр биыл қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатынын айтқан.

– Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың балаға артып отыр. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіліп келеді. Биылда 510 мың баланы мектепке дайындалуға қажетті көмекпен қамту көзделген. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қажетті қаржы қарастырылып отыр, – деді ол.

Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл оқу жылында 510 мың баланың мектепке дайындығына әкімдік есебінен қолдау болатынын айтқан.

Ал министрліктің 29 тамыздағы мәліметі бойынша, "Жалпыға бірдей білім беру қоры" ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасын, аяқ киім мен оқу-құралдарын сатып алуға 25,3 млрд теңге аударылған. Бұл әкімдіктердің тізіміндегі 500 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді деген сөз.

Биыл бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 46 228 теңге болып отыр. Ал жергілікті мәслихаттардың шешімімен Алматы қаласында бұл сома 55 мың теңге, Жамбыл облысында – 53 117 теңге, Павлодар облысында – 53 663 теңге болып белгіленген.

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде ішкі безендіруді біріздендіру бойынша бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңмен енгізіледі. Бүгінде 100-ден астам жаңа "Келешек мектептері" бекітілген брендбук негізінде салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл стиль 1300 мектептің жөндеу жұмыстары барысында да қолданылады. Келешекте дизайн-код елдегі барлық білім беру ұйымдарын қамтитын болады.