Қаржы министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялады. Құжатты Үкімет мақұлдап, Парламентке жіберді. Онда негізгі әлеуметтік көрсеткіштер — ең төменгі жалақы, зейнетақы, күнкөріс минимумы және АЕК көрсетілген. Бұл әзірге жоба мәртебесінде, бірақ әдетте бюджет қабылданған соң да өзгеріссіз қалады , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2026 жылға негізгі көрсеткіштер:
- АЕК (айлық есептік көрсеткіш) — 4 325 теңге (2025 жылы — 3 932 теңге).
- Ең төмен жалақы — 85 000 теңге (өзгеріссіз).
- Ең төмен зейнетақы — 69 049 теңге (2025 жылы — 62 771 теңге).
- Базалық зейнетақы төлемі — 35 596 теңге (2025 жылы — 32 360 теңге).
- Әлеуметтік төлемдер үшін күнкөріс минимумы — 50 851 теңге (2025 жылы — 46 228 теңге).
Бұл нені білдіреді?
АЕК-тің өсуі айыппұлдар, мемлекеттік баждар және салық мөлшеріне автомат түрде әсер етеді. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер де өседі, себебі олар осы көрсеткіштерге тікелей байланысты.
Бюджет қалай жұмыс істейді?
Республикалық бюджет — елдің басты қаржылық құжаты. Онда мемлекеттің кірістері (салықтар, трансферттер, басқа түсімдер), шығыстары (әлеуметтік сала, білім, инфрақұрылым) және тапшылық болжамдары жазылады. Әлеуметтік көрсеткіштер — АЕК, ең төмен жалақы, зейнетақы және күнкөріс минимумы бөлек көрсетіледі. Бұл сандар тікелей азаматтардың өміріне әсер етеді.
Құжаттың қазір қай сатыда?
Бюджет қазір жоба сатысында: оны Үкімет 26 тамызда мақұлдап, Парламентке жолдады. Келесі кезеңде Мәжіліс пен Сенат депутаттары қарап, түзетулер енгізуі мүмкін. Алайда негізгі әлеуметтік параметрлер әдетте өзгеріссіз қалады. Бюджет туралы заң жыл аяғына дейін қабылданып, Президент қол қоюға тиіс, ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Контекст
Үкіметтің болжамы бойынша, 2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны шамамен 300 мың адамға артады. Студенттердің шәкіртақысы өседі, ал грант саны 19 мыңға көбейеді. Мемлекет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыруды жалғастырады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!