Түркістанда жедел жәрдем қызметкерін ұрды деген күдікке ілінген ер адам ұсталды. Қос тарап татуласқанына қарамастан полиция азаматты қамауға алды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жедел жәрдем станциясының басшылығы зардап шеккен фельдшер өзін соққыға жыққан азаматқа кешірім беріп, полицияға арыз жазбайтынын хабарлаған еді. Алайда оған қарамастан тәртіп сақшылары бұл оқиғаның мән-жайын анықтауды шешті. Қылмыстық іс Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденовтың бақылауында.
"Түркістан қаласында шақыртуға барған медицина қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Полиция "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында құқыққа қайшы әрекеттері үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етілетінін атап көрсетемін. Қылмыстық іс менің бақылауымда", — деді Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов.
Дереккөз: КТК.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда жедел жәрдем қызметкері соққыға жығылғанын хабарлаған болатынбыз. Ер адам жүкті әйелін фельдшерден қызғанып, оны ұрып тастаған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз