Алматы хайуанаттар бағындағы Ару есімді піл әлеуметтік желінің жұлдызына айналды, деп хабарлайды 24kz.

Жануар «Қайраттың» «Селтик» командасынан басым түсетінін алдын ала болжаған. Жұмысшылар пілге екі футбол командасының аты жазылған жемі-жидекке толы шелек ұсынған. Мұны 4 рет жасап көрген. Соның бәрінде Ару «Қайратты» таңдаған.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Алматылық Бек Беркімбеков күнде Арумен осылай амандасады. Піл де оны күтіп тұрады. Өйтетіндей жөні бар. Беркімбеков Аруды екі жасынан бағып келе жатыр. Оның нені жақсы көретінін, нені жақтырмайтынын, қандай күйде тұрғанын бәрін бес саусақтай біледі. Биыл Ару 27-ге толды. «Қайраттың» жеңісін дәл болжағаннан кейін оны көргісі келетіндер саны бұрынғыдан арта түсіпті.

Бек Беркімбеков, хайуанаттар бағының қызметкері:

- «Қайрат» пен «Селтик» ойнаған кезде сол кезде екі шелек әкелді де, «Қайрат»-«Селтик» деп жазып қойды. Сол кезде Ару «Қайратты» таңдады. Сонда жеңді Арудікі тура шықты.

Хайуанаттар бағында Ару жалғыз емес. Қасында Лао есімді тағы бір азиялық піл бар. Екеуін де Лаостан әкелген. Мұнда келгеніне биыл ширек ғасыр болды. Содан бері Алматының ауа райына әбден бейімделіп алды. Айта кетейік, елімізде үш хайуанаттар бағы бар. Соның Алматыдағысында ғана пілдер мекендейді.

Балабек Махатов, хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі:

- Пілдер 2000 жылдан бастап хайуанаттар бағында өмір сүріп жатыр. Аталық басына 29 жыл болды, аналық басқа 27 жыл болды. Қазір орта жастағы жануарлар десек те болады. Бұлар 50-60 жыл өмір сүреді.

Балабек Махатовтың айтуынша, Арудың бұл футболға қатысты алғашқы болжамы емес. Қызметкерлер оның мұндай қабілетін бұған дейін де байқапты.

Балабек Махатов, Хайуанаттар бағы тұяқты малдар бөлімінің меңгерушісі:

- 2022 жылы әлем чемпионатында финалда Аргентина мен Францияның кезіккенін де көріпкелдігін білдіріп, Аргентиннің жеңетінін сезген. Бұл жолы «Қайрат» пен «Селтик» арасында футбол матчында сол тура тапты деп айтуға болады. «Қайратты» көрсетті.

Соңғы жылдары ірі футбол турнирлерінде жануарларға жорамал жасату сәнге айналды. Мысалы 2010 жылы сегізаяқ Пауль Испанияның әлем чемпионы болатынын дөп тапқан. Паульден кейін Ахилл атты мысық, Нелли дейтін піл мен Фунтик есімді жабайы шошқа пайда болды.

Ал Алматы хайуанаттар бағының қызметкерлері: «Келген әрбір мейманға есігіміз ашық», — дейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев