Қазақстанда алдағы жұма, 2025 жылғы 29 тамызда ауа райы жауын-шашынды әрі ыстық болады. Бұл жөнінде "Қазгидромет" РМК-ның болжамында айтылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Болжамға сәйкес, күндіз қатты ыстық күтіледі:

  • Ұлытау облысында – +35°С-қа дейін,
  • Жетісу мен Алматы облыстарында – +35…+37°С,
  • Маңғыстау облысында – +38°С-қа дейін.
"Батыс антициклонының ықпалымен Қазақстанның батысы, оңтүстігі және оңтүстік-шығысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Елдің басқа өңірлерінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағаймен жауын жауады, бұршақ пен қатты жел соғуы мүмкін. Республиканың көптеген аймақтарында жел күшейеді: оңтүстік-батыста және оңтүстікте – шаңды дауыл, ал солтүстікте түнгі және таңғы уақыттарда – тұман күтіледі", — делінген "Қазгидромет" хабарламасында.

Сонымен қатар, гидрометорталық мынадай қауіп туралы ескертті:

  • Жоғары өрт қаупі – Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында; Ақмола облысының батысы, шығысы, оңтүстігі мен орталығында; Батыс Қазақстан облысының шығысы, оңтүстік-шығысы, оңтүстігі мен орталығында; Қарағанды облысының батысы, шығысы мен орталығында; Атырау облысының солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында; Қостанай облысының батысында; сондай-ақ Маңғыстау облысында.
  • Төтенше өрт қаупі – Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында; Батыс Қазақстан облысының батысында; Алматы облысының батысы мен солтүстігінде; Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында; Атырау облысының шығысында; Қостанай облысының оңтүстігінде; Қарағанды, Ақтөбе облыстарының оңтүстігі мен шығысында.