Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер өз қолдарынан шыққан өнімдерді көпшілікке ұсынды. "Өскемен өнімдері 2025" атты бұл көрмеде түрлі ағаш және металл бұйымдар қойылды.

Экспозицияда сотталғандар жасаған мангалдар, астаулар, домбыралар, сондай-ақ ерекше балаларға арналған дамыту кешендері мен ойын алаңдарына арналған қоршаулар ұсынылды.

Көрме қонақтары ұсынылған бұйымдардың сапасы мен алуан түрлілігіне жоғары баға берді. Іс-шараға қатысқан қала әкімдігі өкілдері мұндай өнімдерге сұраныс жоғары екенін айтып, олардың өндіріс көлемін арттыру мүмкіндігіне назар аударды.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл көрме жыл сайын өткізіліп тұрады, әрі жыл сайын өнім түрлері көбейіп келеді.

ШҚО ҚАЖ департаментінің өкілі Зульфира Құсайынова сотталғандарды еңбекпен қамтудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, еңбек тек қаржылық табыс көзі ғана емес, сонымен қатар адамның түзелуіне, жаңа дағдыларды меңгеруіне және қоғамға қайта бейімделуіне жол ашады.

"Бүгінде біздің мекемелердегі сотталғандардың шамамен 60 пайызы еңбекпен қамтылған. Бұл жай ғана статистика емес — бұл тәрбие жұмысының маңызды бөлігі. Жұмыс оларды болашақ өмірге дайындайды: олар жауапкершілік алуды, жалақы табуды, отбасына көмектесуді, талап-арыздарды өтеуді үйренеді. Ең бастысы — олардың өмірге деген көзқарасы өзгеруде", — деді Зульфира Құсайынова.