Қазақстан қаржы пирамидаларын жарнамалағандағыдай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізбек . Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінен мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін агенттік онлайн-казино жарнамалап, алайда, тек айыппұлмен құтылып жүрген 34 блогердің тізімін жариялаған еді.

«Онлайн-казино жарнамасы ойынға тәуелділікке бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, аталған тұлғалар өз істерін жалғастыра береді. Олар адамдардың тағдырына немқұрайлы қарап, отбасылардың күйреуіне себеп болып отыр. Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр. Осыған байланысты Агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-тармағы аясында – заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруға ниетті», – деп хабарлады бүгін, 28 тамыз күні ҚМА.

Сонымен қатар, агенттік қаржы пирамидаларын жарнамалағандағыдай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасын көтерген.