Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға 26 тамыз күні сағат 14:30 шамасында болды. "ПКОП" ЖШС-нің өндірістік алаңындағы оқшаулау жұмыстары барысында автокөтергіш аударылды. Оқиға салдарынан мердігер компания "КРС Астана" ЖШС-нің екі оқшаулаушы жұмысшысы қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"ПКОП" ЖШС басшылығы қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", – деп хабарлады "PetroKazakhstan Oil Products" компаниясының баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиғаның себептерін анықтау үшін жұмыс тобы құрылды. Зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр.
Полицияның мәлімдеуінше, аталған фактіге байланысты "еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан адамдардың қаза болуы" бабы бойынша іс қозғалған.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – делінген Шымкент қалалық полиция департаментінің ақпаратында.