NEET санатындағы 354 мың жастың көпшілігінің бейресми ғана еңбек дағдылары бар.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарына берген жауабында Қазақстанда жұмыспен қамту саласы қалай трансформацияланып жатқаны туралы айтты.

Премьер-министрдің дерегінше, NEET санатындағы жастардың (статистика бойынша 354 мың адам) көпшілігінің бейресми еңбек дағдылары бар, бірақ танылған біліктілігі жоқ.

"Сондықтан 7 өңірде біліктілікті тану орталықтары ашылды (2025 жылдың аяғына дейін тағы 5 өңірде ашылады). Аталған орталықтар аккредиттелген, заңнамаға сәйкес біліктілікті тануды IT, туризм, энергетика, әлеуметтік жұмыс салаларында жүзеге асырады", – деді Олжас Бектенов.


Оқи отырыңыз: Мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту: Кәсіп бастауға 400 АЕК грант беріледі


Үкімет басшысы жастарды еңбекпен қамту бағытында бірқатар жоба қатар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Олардың маңыздылары:

Mansap Compass платформасында интеграцияланған цифрлық навигатор жұмыс атқаруда. Ол мамандық таңдауға көмектеседі, кәсіптік тестілеуден өтуге, оқыту бойынша жеке ұсыныстар алуға, онлайн курстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Career Enbek платформасы Ұлттық біліктілік жүйесінің барлық негізгі құралдарын "бір терезе" форматында біріктіреді (біліктілікті тану, жұмыс іздеу, кәсіптік стандарттарға, білім беру бағдарламаларына, мансап жоспарлауға қол жеткізу).

Цифрлық профиль. Жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы платформада азаматтың жеке цифрлық профилін құру іске қосылып жатыр (тәжірибесі, танылған біліктіліктері, мақсатты ұсыныстары мен мансап қадамдарына негізделген).

Skills Enbek платформасы дағдыларды дамытуға және біліктілікті арттыруға бағытталған. Онда "Электрондық еңбек биржасы" порталының қосалқы жүйесі, оның интерфейсі 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) ұсынылған. Платформада сертификатты жүктеген кезде порталға өту арқылы жаңа дағдылар бойынша бос жұмыс орындарын көруге болады. Сертификат автоматты түрде еnbek.kz порталындағы түйіндемеге қосылады. Оқыту ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолжетімді.