Түркістанда медициналық көмек көрсетуге барған фельдшер соққыға жығылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

KTK ақпаратына сүйенсек, түсік тастау қаупімен шақыртқан келіншекті көруге барған 26 жастағы Құдырет Мүтәліповті пациенттің күйеуі ұрып тастаған. Ауыр соққы алған жедел жәрдем қызметкері миы шайқалып, қазір ауруханада жатыр.

Жедел жәрдем фельдшері Құдірет Мүтәліповке кезекті шақырту жүкті келіншектен түседі. Жанына практикант қызды ерткен фельдшер соқыр ішектен күдіктеніп, аяғы ауыр келіншектің ішін ұстап тексереді. Бірақ мұнысы жанында тұрған күйеуіне ұнамапты. Келіншегіне бөтен еркектің қолы тигеніне шамданған азамат медицина қызметкерін, әй-шәй жоқ, сабап тастаған.

"Алдымен бетінен жұдырықпен ұрды, оң жақ бетінен ұрды. Ұрған кезде басы қабырғаға соғылып, отырып қалды. Аяғымен бар күшімен бетінен тепті. Мең-зең болды. Кейін аяғымен үшінші рет тепті. Сол кезде иығына тиді. Иығына тигеннен кейін, анасы артынан құшақтап ажыратып алды". Жанель Қуанышбек, практикант:

Көмектесем деп барып, таяқ жеп кеткен фельдшерге жедел жәрдем шақыртылып, ол ауруханадан бір-ақ шықты. Басынан ауыр жарақат алып травматология бөлімінде жатқан 26 жастағы жігіт уақытша есін жоғалтыпты. "Кешегі күн мүлдем есімде жоқ" деген ол, сөйлеуге де құлықсыз. Дәрігерлер Құдірет Мүтәліпов өзіне келу үшін әлі екі аптадай емделуі керек деп отыр.

"Тиісті диагностика зерттеуі жүргізіліп, жабық бас жарақаты, миының шайқалуы, көзінің жұмсақ тіндері зақымданған, гематома диагнозымен травматология бөлімшесіне жатқызылды. Қазір науқастың денсаулығы орташа ауыр. Тиісті мамандардың кеңесі тағайындалды". Бекзат Берденов, Түркістан орталық ауруханасының бас дәрігері

Қызметкері соққыға жығылған Түркістан облыстық жедел жәрдем стансасы басшылығы фельдшер аяғынан тік тұрып кеткенше, жұмыс орны сақталады дейді. Сондай-ақ олардың айтуынша, жұдырығы жуан сотқар мен жәбірленушінің туыстары өзара келісімге келіп, кешірім берді деп отыр.

Еске салсақ, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2025 жылғы 29 сәуірде жедел жәрдем дәрігерлерін шабуылдардан қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтқан болатын. Ол жедел жәрдем дәрігерлері жыл соңына дейін бейнежетондармен қамтамасыз етілетінін мәлімдеген.