"Ақ жол" партиясы фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев өкілеттігін тоқтату туралы өтініш берді. Оның өтініші қанағаттандырылып, мәжіліс депутатының босаған мандатын партияның Алматы қалалық филиалының төрағасына тапсыру туралы шешім қабылданған. Бұл туралы "Ақжол" партиясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Партия төрағасы Азат Перуашевтың хабарлауынша, "Ақ жол" демократиялық партиясының орталық ғимаратында партияның Ұлттық кеңесінің пленумы өтіп, бірқатар мәселелер қаралған.
Жиында пленум мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаевтың өз өтініші бойынша өкілеттігін тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырып, "Ақ жол" демпартиясының партиялық тізімі бойынша мәжіліс депутатының босаған мандатын (жастар квотасы аясында) "Ақ жол" демпартиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Олжас Нұрлдиновқа тапсыру туралы шешім қабылдаған.
Партия мүшелері Ержан Бейсенбаевқа фракция жұмысына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтқан.
"Ержан Алмабекұлы үнемі "Ақ жол" демпартиясының ұстанымдарын басты орынға қойып, депутаттық сауалдарының саны мен сапасы жағынан мәжілістің белсенді депутаттарының бірі болды. Ержан кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың заңды мүдделерін табандылықпен қорғай білді", — деді партия төрағасы Азат Перуашев.
Айта кетейік, Ержан Бейсенбаев VIII сайланған Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз