Маңғыстаулық дәрігер ота үстінде науқастың ағзасын кескілеп тастағаны үшін айып тағылған. Аурухана әкімшілігі бұл істі бес күн бойы жақындарынан жасырып келген. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сұмдық жағдай дәрігерлердің аудио жазбасынан кейін ғана әшкере болды дейді жұбайы. Жаңаөзендік Қаныбек Құлжанов бір ай бұрын аяқ асты жүрегі ауырып, ауруханаға түседі. Дәрігерлер жоспарлы ота жасауға кіріседі. Бірақ сол кіргеннен бес күн жақындарын жолатпапты. Араға апта өткенде ғана жұбайына дәрігердің күйеуі жайында күдікті сұрағы көбейген.
"Ассисент врач шақырып алды. Апа өкпесі қарайып кеткен деді. Не үшін қарайған дедім? Ол темекі шеге ма деп сұрады? Бір түрлі, әр түрлі сұрақтар қойды. Қабырғасы майысқан спортқа қатысқан ба деп сұрады? Жас кезінде қатысқан шығар не болды дедім”, – дейді марқұмның жұбайы Роза Дыбысова.
Сөйтсе, медицина мамандары бүлдірген ісін білдірмеу үшін бар жағдайды жасырған екен дейді жары. Науқасқа қастандық жасалғанын аурухана қызметкерінің бірі жайып салды деп отыр марқұмның әйелі.
"Апа, осы сәтті жиналыста көтердік. Ағаға қастандық жасалынды деді. Реаниматолог врач екен. Не болды дегенімде, маған, мен жаңа жиналыста бастап айттым, осындай қылмыстық іс әрекет болды деп. Сіз қалай үнсіз отырсыз деп. Сөйтсе оның аудио записі бар жиналыстың”, – дейді ол.
Осылайша, Роза Дыбысова басында өкпесі қарайған дегені кеспейтін жерді тілгілеп тесіп жіберген дейді. Спортпен айналыса ма дегені де бекер емес болып шықты. Қабырғасын күштеп қисайтқанына сенімді. Ал, келіншектің қолына тиген құпия аудио жазба тіпті шошытады.
"Негізі қасақана адам өлтіру мақсатында. Ішінде врачтардың айтқан сөзі бар. Көп болса Маңғыстаудың бір адамы өледі. Несіне қиналасың деген сөзі бар. Мен оны өтірік шығарып тұрған жоқпын. Бізде аудио запись бар. Сонда бар өмірімізді, Алладан кейін дәрігерге табыстаймыз. Оған мұндай қастандыққа қандай кім құқық берді”, – дейді Роза Дыбысова.
Кардиохирургтің мұндай жағдайға не үшін барғанын денсаулық сақтау басқармасы айта алмады. Полиция әйелдің арызынан кейін қылмыстық іс қозғаған.
"Медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсетпегені бойынша ҚР ҚК 317 бабы, 2-ші бөлігі абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру бойынша дәрігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатын болады”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облысы полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Әйгерім Ибатуллаева.
Қазір 56 жастағы науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы әлі ауыр. Ал туыстары гипократ антына осындай опасыздық жасаған маманды қасақана адам өлтіру бабы бойынша тергелуін талап етеді.