Ертең Монакода жеребе тарту рәсімі өтеді.
2025/26 жылғы УЕФА Чемпиондар Лигасының жалпы кезеңінде Еуропаның ең мықты 36 клубы бақ сынайды. "Қайрат" жеребе тарту кезінде төртінші себетке түседі. Алматы клубының қарсыластары әр себеттен екі командадан болмақ. Бұл кезеңде әр команда 8 ойын өткізеді: төртеуін өз алаңында, төртеуін сырт алаңда.
Бірінші себетке "Пари Сен-Жермен" (Франция), "Реал" Мадрид (Испания), "Манчестер Сити" (Англия), "Бавария" (Германия), "Ливерпуль" (Англия), "Интер" (Италия), "Челси" (Англия), "Боруссия" Дортмунд (Германия) және "Барселона" (Испания) клубтары енді.
Екінші себетте "Арсенал" (Англия), "Байер" Леверкузен (Германия), "Атлетико" Мадрид (Испания), "Бенфика" (Португалия), "Аталанта" (Италия), "Вильярреал" (Испания), "Ювентус" (Италия), "Айнтрахт" (Германия) және "Брюгге" (Бельгия) бар.
Үшінші себетті "Тоттенхэм" (Англия), ПСВ және "Аякс" (Нидерланд), "Наполи" (Италия), "Спортинг" (Португалия), "Олимпиакос" (Грекия), "Славия" Прага (Чехия), "Буде-Глимт" (Норвегия) және "Марсель" (Франция) толықтырды.
Ал төртінші себетте "Қайраттан" бөлек, "Копенгаген" (Дания), "Монако" (Франция), "Галатасарай" (Түркия), "Юнион Сент-Жиллуаз" (Бельгия), "Қарабах" (Әзербайжан), "Атлетик" Бильбао (Испания), "Ньюкасл" (Англия) және "Пафос" (Кипр) клубтары орналасқан. Қалған төрт қатысушы плей-офф кезеңінің нәтижесі бойынша белгілі болады.
Жеребе 28 тамыз күні Монакода өтеді. Барлығы 36 команда қатысады, оның ішінде 29 клуб негізгі кезеңге тікелей жолдама алды. "Қайрат", "Буде-Глимт" және "Пафос" алғаш рет Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шыққан клубтар.
Жеребе тарту кезінде командалар рейтингке сәйкес төрт себетке бөлінеді. Әр командаға автоматтандырылған жүйе 8 қарсылас таңдайды. Әр себеттен екі клубтан беріледі. Олардың төртеуімен өз алаңында, төртеуімен сырт алаңда ойнайды. Бір елдің командалары өзара кездеспейді және бір ассоциациядан екіден артық қарсылас бола алмайды.
Жалпы кезеңнің матчтары қыркүйектің ортасынан қаңтардың соңына дейін өткізіледі. Турнирдің бірінші туры 16-18 қыркүйекте, екінші туры 30 қыркүйек – 1 қазанда, үшінші туры 21-22 қазанда, төртінші туры 4-5 қарашада, бесінші туры 25-26 қарашада, алтыншы туры 9-10 желтоқсанда, жетінші туры 20-21 қаңтарда, ал сегізінші туры 28 қаңтарда өтеді.
Плей-офф кезеңі ақпанның 17-18 және 24-25 күндері басталады. 1/8 финал матчтары 10-11 және 17-18 наурызда, ширек финалдар 7-8 және 14-15 сәуірде, жартылай финалдар 28-29 сәуір және 5-6 мамырда ойналады. Финал 30 мамыр күні Будапешттегі "Пушкаш Аренада" өтеді.
Жалпы кестедегі алғашқы сегіз команда тікелей ширек финалға шығады, ал 9-24 орын алғандар плей-оффқа жолдама үшін қосымша матч ойнайды. Ал 25-36 орын алған клубтар өз сапарын осы кезеңде аяқтайды.