Полицейлер ірі көлемдегі қаржы жымқырды деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол бұған дейін компаниялардың бірінде сату жөніндегі менеджер болып жұмыс істеген және корпоративтік аккаунтты пайдалану мүмкіндігі болған.

Жұмыстан кеткеннен кейін екі ай өткен соң оның Kaspi Pay жүйесіне қолжетімділігі тоқтатылмағаны белгілі болды. Осыны пайдаланған күдікті бірнеше ай бойы компания қаражатын өз шоттарына аударып отырған.

Компанияға келтірілген жалпы шығын — 14 миллион теңге. Ұрланған қаражатты ол жеке қажетіне жұмсаған.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.