Анкара-Нигде тасжолында сағатына 224 шақырым жылдамдықпен жүріп, ереже бұзған Түркияның көлік министрі Абдулқадир Уралоглу айыппұл төледі, деп хабарлайды Haberer басылымына сілтеме жасаған Kazinform.
Агенттіктің жазуынша, министр әуелі әлеуметтік желідегі парақшасында қатты жылдамдықпен келе жатқан видеосын жариялап, оның астына "Шаршаған кезде президентімізден шабыт алып, жеткілікті жұмыс жасамадық деп, жолымызды жалғастырамыз" деп жазған.
Алайда көлік министрінің мемлекеттік әнұран әуенімен жылдамдығын сағатына 224 шақырымға жеткізуі әлеуметтік желіде үлкен шу тудырған, себебі түрік тасжолдарында рұқсат етілген максималды жылдамдық – сағатына 140 шақырым.
Желі қолданушылары жылдамдықты бұзғаны үшін министрге қатаң ескерту жасаған.
Осыдан кейін Уралоглу тағы бір жазба жариялап, онда ресми түрде айыппұл төлегенін жазған.
"Анкара-Нигде жолының соңғы жағдайын көру үшін рөлге өзім отырдым. Сол сәтте онша мән бермей, аз уақытқа жылдамдықты арттырдым. Видеоны бөлісіп, өзімді өзім әшкереледім. Жылдамдық ережелерін сақтау бәрімізге міндетті. Біздің жол қызметі тарапынан қажетті жазалау шарасы қолданылды. Енді халыққа бұдан былай мұқият болатынымды хабарлаймын", — деп жазған министр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз