Таиландта өткен U22 санатындағы Азия чемпионатының алтын жүлдегері Темірлан Мұқашев алға қойған жоспарларымен бөлісті.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Аслан Каженовке берген сұхбатында өзбек қарсыластары есе жібермеуінің сырын айтты.

”2021 жылдары Азия чемпионатының алдында турнирде жастар арасында өзбектің бірінші нөмірлі боксшысын жеңгем. Одан кейін Дубайда финалда тағы да өзбек боксшысын жеңгем. 2022 жылы Азияда үшінші өзбекті жеңдім. Кейін Қазақстанда өткен турнирде тағы бір Өзбекстан құрамасының боксшысын жеңдім. Кейін бір жекпе-жекте өзбек боксшысын құлаттым. Биылғы Азия чемпионатының финалында алтыншы өзбекті жеңдім. Жеңген боксшылардың барлығы Өзбекстан құрамасының бірінші және екінші нөмірлі жігіттері. Мен өзім оған “мен өзбектерге ұтылмаймын” деп мақтанбаймын. Дәл өзбектерге келген кезде мен де психологиялық басқаша дайындық болады. Құпия қасиеттерім, жаңа күшім пайда бола ма, білмеймін. Маған қалай болса да өзбектерге ұтылмау керек. Қазір мені “өзбектердің қорқынышы келе жатыр” деп әзілдейді”, — дейді ол.

Сондай-ақ, Темірлан Мұқатаев өзбекстандық боксшы Турабек Хабиболлаевпен де күш сынасуға дайын екенін жасырмады.

”Өзбекстанда жастар арасында менімен құрдас Турабек Хабиболлаев бар. Олимпиададан кейін ол да 90 кг салмақ дәрежесіне ауысты. Бұрын 80 кг-да жүретін. Бұрын ол жігітпен кездесіп көрмегем. Алдағы уақытта кез келген сәтте кездесуге дайынмын. Бәрін шетінен қырып келе жатырмыз ғой, оны да алып тастау керек болып тұр”, — дейді ол.

Еске сала кетейік, Таиландтың Бангкок қаласында өткен бокстан жастар арасында Азия чемпионатында 90 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Темірлан Мұқатаев ақтық бәсекеде өзбекстандық боксшы Шохрух Абдумаликовпен күш сынасып, тартысты жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды. Ол бұған дейін 5 мәрте Қазақстан чемпионы атанып, 4 рет Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алған.

Ал, өзбек боксшысы Турабек Хабиболлаев 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы әрі Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері. 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Олимпиада мен Азия ойындарының жүлдегері, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпазы филиппиндік Эумир Феликс Марсьяльды жеңіп сенсация жасаған еді. Алайда, Олимпиаданың ширек финалында екі дүркін олимпиада чемпионы 31 жастағы кубалық боксшы Арлен Лопеспен кездесіп, 2:3 есебімен жеңілген еді.