Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің (ӘПК) төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 2025 жылдың 27 тамызында Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте елдегі жол-көлік апаттарынан болатын өлім-жітімді қалай азайтуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі

Қайсар Сұлтанбаев Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда балаларға жол қозғалысы ережелерін жеткілікті үйретпейтінін атап өтті.

«Ішкі істер министрлігі мектеп бағдарламаларында жол ережелері бойынша сабақтарды жеке міндетті пән ретінде енгізуді ұсынады. Мұндай сабақтар арқылы жолдарда заңға бағынатын мінез-құлық нормаларын сіңіріп, өзі жүргізуші болған кезге дейін есейген сайын жол қауіпсіздігіне жағымды әсер етеді», — деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

ӘПК басшысы жыл басынан бері жол-көлік апаттарында 176 бала қаза болғанын хабарлады.

"Зардап шеккен балалардың жартысынан астамы жолаушы ретінде қайтыс болған. Қалғаны – жаяу жүргінші, велосипедші, самокат және мопед жүргізушісі. Көп жағдайда қаза болған балалар ересектер тарапынан тасымалдау кезінде көлік ішінде балаға арналған қауіпсіздік құрылғыларын немесе қауіпсіздік белдіктерін қолданбаған". Қайсар Сұлтанбаев

Еске салсақ, 2025 жылғы 19 тамызда Абай облысында жантүршігерлік жол апаты болды. Онда 55 жастағы Toyota жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан он метр қашықтықта тұрған алты баланы қағып кеткен. Салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмды, біреуі – ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Көмек көрсету үшін Астана қаласынан Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен дәрігерлер облысқа жеткізілді. Кейіннен белгілі болғандай, қайтыс болған үш баланың жасы – 2 мен 7 жас аралығында. Тағы 6-9 жас аралығындағы үш бала жарақат алып, дәрігерлердің бақылауында жатыр, оларға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.