Дархан Сатыбалды "Қайрат" футбол клубының бұл жетістігі жанкүйерлерге қуаныш сыйлап, ел үшін мақтаныш болғанын атап өтті.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды "Қайрат" футбол клубын УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтуімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сонымен қатар қала әкімі команданың шеберлігі мен жігері жеңіске жетелегенін айтты.

"Қайрат" футбол клубын тарихи жетістігімен – жеңісімен және Еуропаның ең беделді додасы, УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуымен шын жүректен құттықтаймын! Алматылық команда өз шеберлігі мен жігерін айқын көрсетті. Бұл жеңіс – барша алматылықтар үшін қуаныш, бүкіл ел үшін үлкен мақтаныш. Клубқа алдағы уақытта да жеңістер мен Еуропа алаңында сәтті өнер көрсетуді тілеймін. Алматыда жаңа заманауи стадионның салынуы Қазақстан футболының дамуына тың серпін беретіні анық. Жеңіс құтты болсын!" – деп жазды Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, күні кеше мегаполис басшысы Алматыда халықаралық деңгейдегі стадион салынатынын хабарлаған еді. Стадион Құлжа мен Талғар тасжолдарының арасында бой көтереді деп жоспарланып отыр.