Қарағанды облысының прокуратурасы биржалық тауарлардың өткізілу тәртібіне талдау жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықты әшкереледі.

Белгілі болғандай, өңірдегі кейбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 60 тоннадан асатын көлемдегі картопты тауар биржаларын айналып өтіп сатқан.

ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы №142 бұйрығына сәйкес, мұндай көлемдегі жаңа піскен немесе салқындатылған картоп тек қана тауар биржалары арқылы саудалануы тиіс.

Прокуратураның үйлестіруімен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті 12 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.

  • ӘҚБтК-нің 268-бабының 3-бөлігі бойынша 69 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
  • Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 14,7 миллион теңгені құрады.

Енді Қарағанды облысында да, жалпы Қазақстанда да 60 тоннадан асатын жаңа піскен немесе салқындатылған картопты сату тек тауар биржалары арқылы жүзеге асырылатын болады.

Бұл шаралар бәсекелестікті дамытуға, биржалық нарықтағы бағаның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.