Тараз қаласында бүгінде дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше екпін түсірілген , деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазіргі таңда қала аумағында 510 спорт нысаны жұмыс істесе, оның 362-сі "Әулиеата", 148-і "Жібек жолы" ауданында орналасқан.
Биыл шаһарда 11 шағын футбол алаңшасын салу жоспарланған. Қазіргі таңда солардың 5-еуінің құрылысы аяқталса, 6 нысан бойынша жұмыстар әлі де жалғасын табуда.
Бұған қоса ағымдағы жылы 12 спорт алаңшасына қалпына келтіру көзделіп отыр. Оның ішінде Театральная №5, "Мыңбұлақ" шағынауданы, №21, "Қарасу" шағын ауданы, №8, "Алатау" шағынауданы, №35, "Танты" алқабы Маметов көшесі, №1, "Шайқорық" алқабы Қонаев көшесі, №19, "Қоңыртөбе" алқабы Күлтөбе көшесі, № 2, "Ақбұлым" алқабы Сарыбұлақ көшесі, №8 үйлердің аулаларындағы, "Денсаулық" саябағы мен "Қарасай" алқабындағы жұмыстар толығымен аяқталса, "Жайлау" шағынауданы мен №18, "Алатау" шағынауданы, №52 үйлердің аулалары бойынша мердігер анықталып, жөндеу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – "Ұлы Дала" (15) шағынауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл кешенді салу үшін Ш.Жандарбекова көшесі №31 учаскесінен көлемі 1,1278 гектар жер телімі бөлініп, ағымдағы жылдың І тоқсанында құрылыс жұмыстары басталды. Нысан құрылысы 2026 жылы тәмамдалады деп жоспарлануда.