Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Цифрлық штабтың шешіміне сәйкес, азаматтар интернет балансында қаражат болмаса да eGov, Aitu және eOtinish қызметтерін тегін пайдалана алады.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Цифрлық штаб отырысында Мемлекет басшысының цифрландыру саласындағы тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар маңызды шешім қабылданды.
Негізгі өзгерістер:
-
15 қыркүйектен бастап Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish платформалары мен ақпараттық жүйелерін нөлдік тарифпен пайдалану мүмкіндігі іске қосылады;
-
20 қыркүйекке дейін Smart Bridge платформасында коммерциялық IT-шешімдерді мемлекеттік қызметтермен кедергісіз интеграциялау жолға қойылады;
-
Qaztech платформасында ірі IT-жобаларды жүзеге асыру үшін құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, бұрынғы шектеулер алынып тасталады;
-
Жыл соңына дейін жасанды интеллект арқылы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру іске асырылады.
-
Бұл қадам азаматтарға баланс нөл немесе теріс болған күннің өзінде мемлекеттік қызметтерді тегін пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені азайтып, digital by default форматына көшуге жол ашады, — делінген хабарламада.
Мұндай тәжірибе Эстония мен Сингапур сияқты елдерде бұрыннан бар: мысалы, Сингапурда телекоммуникация операторлары Gov.sg және MyInfo сияқты мемлекеттік сервистерге тегін трафик ұсынады.
Smart Bridge арқылы жеке IT-шешімдерді мемлекеттік қызметтермен интеграциялау инновацияларды енгізуге, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға жол ашады.
Қазірдің өзінде платформа арқылы 14,6 мыңнан астам өтінім берілген. Бұрын ірі жобаларды әзірлеуде шығындар мен мерзім бойынша шектеулер болған: бір өнімнің құны 15 мың АЕК-тен аспауға тиіс еді, мерзімі 6 аймен шектеліп, автоматтандырылған функциялар саны 3-тен аспайтын. Енді бұл кедергілер жойылып, отандық цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік туады.
Бүгінде 1 408 мемлекеттік қызметтің 368-і толық автоматтандырылған. Тағы 984 қызметті цифрландыруға болады, ал 56 қызмет қазірдің өзінде проактивті форматта көрсетіліп жатыр. Жасанды интеллектті пайдалану қызмет көрсету сапасын едәуір арттырады деп күтілуде.
Айта кетейік, Цифрлық даму министрлігі бұған дейін шетелдік сервистерді жеке мақсатта қолдануға ешқандай шектеу жоқ екенін мәлімдеген. Aitu мессенджері тек мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар үшін қызметтік байланыс құралы ретінде ұсынылған.