Бауырлас елдер полимерлерді бірлесіп өңдеу мен дайын өнімді жеткізуде елеулі әлеует бар екеніне сенімді.
Сондықтан аймақта ортақ нарық қалыптастыруға бекініп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Астанада "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесу өткізді.
Тараптар ҚМГ мен "Өзбекнефтегаз" АҚ арасындағы геологиялық барлау, өндіру, өңдеу, мұнай химиясы, цифрландыру және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қоса алғанда, мұнай-газ саласының негізгі бағыттарын қамтитын стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Асхат Хасенов атап өткендей, екі мемлекет басшылары қолдауының арқасында ұлттық компаниялар арасында өзара байланыс сенімді дамып, стратегиялық сипат алып жатыр.
2025 жылғы наурыз айында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімнің іске асуының қазіргі жағдайы қаралды. Екі компания Қазақстан мен Өзбекстанда геологиялық барлау және мұнай-газ химиясы салаларында ортақ жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуде. Бірлескен жұмыс тобы құрылды.
Атап айтқанда, ортақ ақпараттық кеңістік жұмыс істеп тұр, барлау учаскелері бойынша геологиялық-техникалық деректермен жан-жақты алмасу жүргізілуде.
Мұнай-газ химиясы бағытындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Желілік алкилбензол өндіретін жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Тараптар полимерлерді бірлесіп өңдеу мен дайын өнімді жеткізуде елеулі әлеует бар екеніне сенімді.
Бұдан басқа, ҚМГ мен ӨНГ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында цифрлық шешімдерді қолдану тәжірибесімен алмасуда. ҚазМұнайГаз бірқатар еншілес компанияларда енгізілген аса қауіпті жұмыстарды бақылау үшін электрондық наряд-рұқсат беру жүйесін таныстырды.
Биыл маусым айында Өзбекнефтегаз делегациясы KPI зауытына барып, озық цифрлық шешімдермен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыт бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін растады.