2035 жылға қарай Жер бетіндегі адамдардың жартысынан астамы артық салмақтың зардабын шегеді.

Қазақстанның Тамақтану академиясының бағалауы бойынша, елдегі ересек тұрғындар арасында (15 жастан бастап) артық салмақ пен семіздіктің орташа таралуы әйелдерде – 29,7%, ерлерде – 33,9% құрады.

Ал семіздік – әйелдерде 25,8%, ерлерде – 15,3%. Балаларға келер болсақ, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының зерттеуі бойынша, Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы балалардың 20,6%-ында артық салмақ анықталған. Бұл мәселе ұл балалар арасында жиірек кездеседі (23,6%), ал қыз балаларда – 17,6%.

"Егер біз баланың семіздікке бейімділігін ерте жастан білсек, артық салмақтың пайда болуын күтпей-ақ, өмір салтын жұмсақ түзету арқылы араласуға бірегей мүмкіндік аламыз. Бұл семіздік, 2 типтегі қант диабеті және басқа да созылмалы аурулар қаупін азайтып, балаға ұзақмерзімді денсаулықтың негізін қалауға көмектеседі", – деп атап өтті "Денсаулық" ұлттық қауымдастығының төраға орынбасары, зиянды азайту саласының маманы дәрігер Гинтаутас-Юозас Кентра.

Копенгаген және Бристоль университеттері жүргізген жаңа зерттеу генетикалық талдаудың ерте жаста семіздікке бейімділікті анықтай алатынын көрсеткен. Бұл алғашқы белгілер пайда болғанға дейін жеке профилактикаға жол аша алады.

Семіздікпен күрес жөніндегі дүниежүзілік федерацияның болжамы бойынша, 2035 жылға қарай жер бетіндегі тұрғындардың жартысынан астамы артық салмақпен немесе семіздікпен бетпе-бет келеді. Алайда өмір салтын өзгертуден бастап хирургиялық араласуға дейінгі қазіргі емдеу әдістерінің көбі халықтың кең ауқымы үшін қолжетімсіз немесе тиімсіз. Сондықтан ерте диагностика аса құнды болып отыр.

Бес миллион адамның генетикалық деректерін қамтыған зерттеу аясында ғалымдар дене салмағының индексімен байланысты мыңдаған генетикалық нұсқалардың жиынтық әсерін көрсететін полигендік тәуекел шкаласын (PGS) әзірледі. Бұл нұсқалардың кейбірі, мысалы, мидағы тәбетті реттейтін орталықтарға әсер етеді. PGS дене салмағы индексінің 17%-ға дейінгі айырмашылығын түсіндіруге мүмкіндік берді.

Бұл әдіс әсіресе балалар арасында семіздік қаупін ерте анықтауда үлкен маңызға ие. Ол мақсатты профилактикалық бағдарламаларға – тамақтану тәртібін, физикалық белсенділік режимін және өмір салтының басқа да аспектілерін түзетуге негіз бола алады.


Оқи отырыңыз:

  • Қандай тағамдар қатерлі ісік пен семіздікке әкеледі? Нутрициологпен сұхбат
  • Қазақстанда семіздік дертіне шалдыққан балалар күрт артқан