Алматыда Президент жанындағы Қазақстан­ның страте­гиялық зерттеулер институты Конституцияның 30 жылды­ғына орай (ҚСЗИ) «КИСИ GPS: Gylym. Pikir . Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңының отырысын өткізді. Сарапшы ғалымдарды бір алаңда тоғыстырған жиында Ата заңның елдің саяси жаңғыруындағы және демократиялық институттарды нығайтудағы маңызы талқыланды.

Сарапшылар, әсіресе, 2022 жыл­ғы конституциялық рефор­маға ерекше назар аударып, оның нәтижесінде Конституцияның үштен бірі жаңартылғанын, Парла­мент пен мәслихаттардың өкілет­тіктері кеңейтіліп, Конститу­ция­лық сот құрылғанын, Президент өкі­леттігі бір мерзіммен шектел­генін оң бетбұрысқа балады. Ғалым­дар бұл өзгерістерді мем­ле­кет­тіліктің және саяси жүйе дамуы­ның маңызды белесі деп есептейді.

Іс-шара барысында ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты осы жылдың 11 шілдесі мен 12 та­мызы аралығында халық ара­сында жүргізілген жаппай сауал­нама нәтижелерін жария етті. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шым­кент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысқан. Ол іріктеу көлемі 8 мың респондентті құрағанын мәлімдеді.

Әлеуметтанулық сауалнама­ға сәйкес респонденттердің 76,3 пайызы ел Конституция­сы­ның мазмұнымен және негізгі ереже­лерімен таныс екенін айтқан. Мамандар бұл топтағылардың дені жастар екенін атады. Осылайша, 18–29 жас аралығындағы респон­денттердің 79,1%-ы Конституцияны жақсы біледі/оқыды немесе жалпы түсінікке ие. Одан кейінгі топтарда көрсеткіш келесідей: 30–45 жас (77,5%) және 46–60 жас (74,9%). 61 жастан жоғары (72,5%) егде жас тобында көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен.

«Сауалнама нәтижелері қазақ­стан­дықтардың саяси өзгерістер мен реформаларды жіті бақы­лайтынын көрсетті. Азаматтар оларды заң үстемдігін нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде қабылдайды. 2022 жылғы консти­туциялық өзгерістер қоғам үшін маңызды болды. Бұл азаматтар­дың осы реформалардың негізгі нә­тижелері туралы хабардар болуының жоғары деңгейі­мен расталады. Осылайша, ұсынылған 15 бастаманың ішінде қазақстандықтар үшін ең маңызды үштікке мына өзгерістердің кіргенін атаған жөн. Президенттік өкілеттікті бір реттік 7 жылға өзгерту – 34,7%; Жер, оның қойнауы және басқа да табиғи ресурстар халықтың айрықша меншiгi деген норманың бекітілуі – 27,8%; Конституциялық сотты құру – 23,9%. Сондай-ақ рес­понденттер назарына іліккен кезекті нормалардың қатарына: Мәжілістің санын 98 депутатқа дейін қысқарту (14,6%); өлім жазасын толығымен алып тастау (13,4%); Президентке, Конституциялық соттың төрағалары мен мүше­леріне, Орталық сайлау комиссия­сына, Жоғарғы есеп палатасына саяси партияларға мүшелікке шектеулер енгізу (13%); Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру (10,3%); Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мен мәртебесін күшейту (9,7%); партиялық тізімдерге және мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүге­дектерге 30% квота енгізу (9,5%) мәселелерін кіргізуге болады», дейді А.Жолдыбалина.

Осы бастамаларды іске асыру тұрғысында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын атап өткен жөн. Оған сәйкес Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына аударылады. Бұл ұлттық бағдар­лама «Әділетті Қазақстан» қағи­дат­тарына сәйкес табиғи ресурс­тардан түсетін табысты қайта бөлу арқылы өскелең ұрпақ­тың тұрақты болашағын нығай­туға және қамтамасыз етуге ар­нал­ған. Жалпы, зерттеу нәти­желері азаматтардың саяси сауатты­лығы артып, 2022 жылғы консти­туциялық өзгерістерді қоғамдық тұрғыдан мақұлдағанын көрсетеді.

«Үш жылдан кейін азаматтар конституциялық реформалардың маңыздылығын және олардың күнделікті өміріндегі оң әсерін атап өтеді. Соның нәтижесінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалар қазақстандықтардың көпшілігі үшін жоғары құндылыққа ие. Жүзеге асырылып жатқан реформалар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының тиімділігін көрсете отырып, халықтың бүгінгі сұранысына жауап береді», дейді мамандар.

Қатысушылар реформалардың табысты жүзеге асуы қоғамнан қолдау тауып, өзгерістердің мәнін жұрт жіті түсінбесе, межеге жету мүмкін емес екенін атады. Осы орайда құқықтық мәде­ниет қалыптастыру және Конс­ти­туцияны мемлекеттік құры­лымның негізі әрі азамат­тардың құқықтары мен бостан­дықтарының кепілі ретінде кеңінен насихаттау басты басым­дық ретінде белгіленді.

КИСИ GPS жұмысына Прези­дент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Айнұр Идрисова, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Ермек Тоқтаров, ҚР ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен және басқа да сарапшылар қатысты.

АЛМАТЫ