Абай облысында 40 метрлік ағаштарды кесу үшін 150 млн теңгенің конкурсы жарияланған.

Алайда жергілікті прокуратура бұл ағаштардың іс жүзінде жоқ екенін анықтаған соң, конкурс тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Конкурс қураған ағаштарды кесу және жасыл желектерге күтім жасау бойынша жарияланған.

"Тексеру барысында құжаттарда конкурсқа қатысушыларға негізсіз және шектен тыс талаптар қойылғаны анықталды. Атап айтқанда, биіктігі 40 метрге дейінгі ағаштарды кесуге арналған қымбат жабдықтың болуы талап етілген. Мұндай талап артық, себебі Семей қаласында мұндай биік ағаштар өспейді", – делінген Абай облысының прокуратурасы таратқан ақпаратта.

Прокуратура тексеріс барысында Қазақстанда мұндай ағаштардың өспейтініне назар аударған. Конкурс құжаттарында сметалық және техникалық бөлік арасында сәйкессіздіктер болған. Қазіргі уақытта конкурс жойылып, құжаттама заңнамаға сәйкестендірілді.

Осылайша Семейде қураған ағаштарды кесу және жасыл желектерге күтім жасау бойынша мемлекеттік конкурс өткізу кезінде бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау әрекетінің алдын алып, 150 млн теңгені үнемделді.