Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен ҚР мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Осыған сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдарға, ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Іс-қимыл жоспарын орындауға жауапты мүдделі ұйымдарға:

  • Іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру жөнінде шаралар қабылдау;
  • жарты жылдық негізде 5 шілдеге және 20 желтоқсанға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне Іс-қимыл жоспарын іске асыру барысы туралы ақпаратты ұсыну міндеттеледі.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі жарты жыл сайын 25 шілдеге және 5 қаңтарға дейін ҚР Үкіметі Аппаратына Іс-қимыл жоспарын іске асыру барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынуы тиіс.

Сонымен қатар, ҚР мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2030 жылға дейінгі Іс-қимыл жоспары жаңа редакцияда ұсынылды.

Атап айтқанда, жоспар азаматтардың қажеттіліктеріне негізделген проактивті мемлекеттік қызметтерге көшуге бағытталған.

Күтілетін нәтижелер:

  • 2030 жылға қарай "электрондық үкімет" даму индексі (БҰҰ бойынша) – 0,89-ға жетеді;
  • 2030 жылға дейін 50 негізгі мемлекеттік қызмет бойынша адам факторын толықтай алып тастау және қызмет көрсету мерзімін 20 минутқа дейін қысқарту;
  • 2030 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің кемінде 90%-ы тек электрондық форматта көрсетілуі тиіс;
  • 2030 жылға қарай әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің кемінде 50%-ы проактивті түрде ұсынылуы қажет.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.