Кейбір өңірлерде тиісті бақылау жүргізілмеген.
Су ресурстары және ирригация министрлігі суару маусымының қорытындысы бойынша қызметтік тексеріс жүргізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов вегетация кезеңі мәселесі бойынша аппарат кеңесін өткізді. Ведомство басшысы суару маусымының қорытындысы бойынша қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырды.
"Вегетация кезеңі аяқталуға жақын. Биыл ол күрделі жағдайда өтіп жатыр. Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы суды көбірек тұтынуға алып келді. Кейбір өңірде тиісті бақылау жүргізілмей, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың жоспардан тыс егілу фактілері тіркелді. Бұл жағдай еліміздің оңтүстігіндегі су шаруашылығы ахуалына айтарлықтай әсер етті. Сондықтан мұндай олқылықтардың қайталанбауы үшін вегетация кезеңі қорытындысы бойынша қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырамын", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазіргі таңда Алматы мен Жетісу облыстарында вегетация кезеңі тұрақты өтіп жатыр. Алматы облысында су алу көлемі 1,2 млрд текше метрді құрап, 136 мың гектар егіс алқабы суарылды. Ал Жетісу облысында су алу көлемі 1 млрд текше метрді құрап, 132 мың гектар жер суарылды. Вегетация кезеңінің соңына дейін бұл екі облыста қосымша шамамен 150 мың текше метр су алу жоспарланған. Бұл шаруалардың қажетін толық қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Алматы және Жетісу облыстарында қант қызылшасы, соя, жүгері, көпжылдық шөптер мен бақшаларды суару жалғасып жатыр. Бұл өңірлерде суару жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр.
Жамбыл облысында вегетация кезеңі жоспарға сәйкес өтіп жатыр. "Қазсушар" РМК-ның жергілікті филиалы 78 925 гектар жерді суару үшін 3 902 келісімшарт жасасқан, оның 70 000 гектары суарылған. Қалған 8 925 гектар қант қызылшасы, жүгері, көкөністер мен жоңышқа егілген жерлерді суару қажет. Шу, Талас өзендерінен және Тасөткел су қоймасынан алынған су көлемі – 897 млн текше метр. Облыста каналдар арқылы кезекпен су беру ұйымдастырылған. Ол егіс алқаптарын қыркүйектің ортасына дейін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қызылорда облысында су алу көлемі – 3,476 млрд текше метр. Аймақта күріштің масақтану кезеңі кестеге сай өтіп жатыр. Егістіктерді қосымша сумен қамтамасыз ету үшін облыстағы "Қазсушар" филиалы мен шаруа қожалықтары 357 сорғы станциясын пайдалануда.
Түркістан облысында су алу көлемі – 3,27 млрд текше метр. Бүгінде Шардара ауданында негізгі дақылдарды суару жұмыстары аяқталуға жақын, суға деген сұраныс азайған, өнім жоғалту қаупі жоқ. Мақтаарал және Жетісай аудандарында 109,7 мың гектар жер суарылған. Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жұмыстары 10 қыркүйекке дейін толық аяқталады деп күтіліп отыр.
Қосымша шаралар ретінде Қызылорда және Түркістан облыстарында каналдар арқылы кезекпен су беру кестесі бекітілді, 169 тік дренаж жүйесі қосылды, су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп, коллекторлы-дренаждық су қайта пайдаланылып жатыр. Осы шаралардың нәтижесінде вегетация кезеңі өнім шығынынсыз аяқталады деп күтіліп отыр.