Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғараев 2025 жылғы 26 тамызда үкімет отырысында ел экономикасының алдағы жылдары қалай дамитынын баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Серік Жұманғараев 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жобаларын және 2026–2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамын ұсынды.

"Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы базалық нұсқа негізінде дайындалды. Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы нақты ЖІӨ өсуі болжам бойынша 5,4% деңгейінде болады, ал үш жылдық орташа жылдық өсім – 5,3%. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі", – деп атап өтті ол.

Оның мәліметінше, экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсім арқылы қамтамасыз етіледі. Мысалы, өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен 2026 жылы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін өсу болжануда.

"Үш жылдық орташа өсім тау-кен өндірісінде – 2,8%, ауыл шаруашылығында – 3,9%, құрылыс саласында – 11,0%, көлік қызметінде – 10,1%, сауда саласында – 6,7% деңгейінде болады. Сауда балансы оң болады. Болжам бойынша экспорт 2026 жылы 77,1 млрд доллардан 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін, импорт – 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға дейін өседі. 2026 жылғы инфляция деңгейі 10,0%-дан аспайды, 2027 және 2028 жылдары – 6,0% деңгейінде болады", – деді ҰЭМ басшысы.

2026–2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамы жаңа Бюджет кодексін іске асыру мақсатында әзірленген. Онда ұзақ мерзімді дамудың үш нұсқасы қарастырылған: базалық, сәл ұстамды және альтернативтік.

"Альтернативтік нұсқада 10 жылдық орташа экономикалық өсім 5,1% деңгейінде, ұстамды нұсқада – 4,3% болады. Базалық нұсқада 10 жылдық орташа жылдық ЖІӨ өсуі 4,5% құрайды. Номиналды ЖІӨ 2035 жылы 473,2 трлн теңгеге жетеді. 2026–2028 жылдарға арналған базалық көрсеткіштер үш жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамымен сәйкес келеді. Мемлекеттік бюджет кірістері 2035 жылы 66,8 трлн теңгеге дейін артады. 2029 жылдан бастап кепілдендірілген трансферт 2,0 трлн теңгеге дейін төмендетіледі", – деп атап өтті Серік Жұманғараев.

Бюджет тапшылығы 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің 0,4%-ына дейін біртіндеп төмендетіліп, 2030 жылдан бастап нөлдік деңгейге жетеді.