Бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қолдау үшін Ұлттық Банк шаралар қабылдап және экономиканы несиелендіруге банктің өтімділік қабілетін тарту жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты.
Корпоративтік несиелендіруді өсіру және банктік өтімділікті Ұлттық Банктің құралдарынан бұру үшін салықтық ынталандыру шаралары Кодекс деңгейінде көрініс тапты. Салық шаралары мен ақша-кредит, пруденциалдық реттеу құралдарының барлығы тиімді шарттар қалыптастырады. Банктер өтімділікті тұтынушылық қарыздарға немесе Ұлттық Банктің құралдарына жұмсамай, бизнес жобаларға жіберетін болады.
«Біз еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының реформаларын жүйелі түрде іске асырамыз. Ұлттық Банк ұзақ мерзімді, сапалы және инклюзивті экономикалық өсуге, азаматтардың әл-ауқатын қолдауға жағдай жасау мақсатында баға және қаржы тұрақтылығына баса назар аударады», деп атап өтті Тимур Сүлейменов.Оның айтуыша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Қаржы агенттігімен бірлесіп қаржы заңнамасын реформалау пакеті дайындалып жатыр. Заңнамада банк секторы, төлемдер, бағалы қағаздар нарығы және басқа да мәселелер қамтылады. Сондай-ақ, цифрлық қаржы активтерін реттеу, Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын енгізу және төлем нарығын одан әрі дамыту мәселелері де жоспарланды. Бұл экономика мен азаматтардың әл-ауқатын дамыту жолындағы қаржы секторының үлесін арттырады.