Журналист Гүлмира Әбіқай жол бойындағы дәретханалар жағдайын сынға алды.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Ұят та болса айтайық. Дәретхана — халықтың жанды жері һәм өзекті мәселе. Туризмді дамытамыз деп бөскенде кеудемізге нан піседі, ал шындығында адам көп шоғырланатын жерге қоғамдық дәретхана сала алмай жатқанымыз шындық!

Кеше Алматыдан Бурабайға жол тарттық. Көлікте ересек 3 адам, 2 бала. Қаладан ерте шығып, әп деп бірінші аялдаған жеріміз Балқаш маңы болды. Дәретхана заправка сыртында деп көрсетіпті. Хош деп ғимаратты айналғанымыз сол еді, жағымсыз иістен жүрек лоқсыды. Кіл ер адамдар 2 есікті ағаш дәретхана сыртында шаптырып тұр. Әйелдерге мұнда жол жоқ. Жақындап қарасам 2 есік те ашық, бірақ ішке ену мүмкін емес, туалеттен аузы-мұрны лықа толған нәжіс сыртқа ағып жатыр.

Сәл ұзап Балқаш сыртындағы @royalpetrol.kz тоқтадық. Дәретхана 100 теңге, кезекте 100 адам. Байланыс жоқ, Майда теңге әр қалтада қайдан табылсын?! Қысылып келіп, дәретхана алдында соткасын шұқылап, кюар аша алмай ұрсысып жатқан адамдар.

Шыдаған күйі тағы 300 шақырым еңсеріп Қарағандыға жеттік. Ол жақтағы алып ЖМҚС #қазақойл жағдай міне. Су жоқ, туалет жабық. Ел-жұрт айналадағы ағаш, бұтаны аралап жайылып кеткен

Маңайдағы қатқан тезек пен ұшқан қағазға қарасаң мұнда жылдар бойы су жоқ сияқты.

Осы көріністі сторисыма қалай салдым, жол бойындағы заправкада жұмыс істейтін 100-деген @azs_qazaq_oil оқырманым былай жазыпты: Біз кассир-оператор қыздар туалетті өзіміз жуып-шаямыз, арнайы техничка бөлінбейді. Заң бойынша біздің міндетке дәретхана тазалау кірмейді!

Кімге өкпелейміз???

Күніне миллиондап табыс тауып жатқан жанар-жағаи май станция басшылары техничкадан жалақы аяйды. Мұны еңбек инспекторлары білмейді дегенге сенбеймін. Алматыдан Астанаға дейін ақылы жол 4 мың 600тг қағып алды. Не үшін???

Не дәретхана, не кэмпинг, не мотель жоқ!!!

Тас жол бойындағы дәретхана проблемасын құзырлы министрлік білмейді дегенге сене алмаймын?

Жол салығын, авто салығын төлейміз, оның нәтижесін қашан көреміз?

Ашық, унитазы бар туалет кездескенімен обьязательно қағазы мен қол жуатын сабыны жоқ

Неге бізде сондай? Кішкентай туалеттің өзі үлкен проблема?», — деп жазды журналист.