Еңбек министрлігі елімізде қазіргі таңда қанша шетел азаматы заңды түрде жұмыс істейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметіне қарағанда, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 130 шетел азаматы еңбек етеді.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар:

  • басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 549 рұқсат;
  • құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 258 рұқсат;
  • мамандар – 3 786 адам;
  • білікті жұмысшылар – 904 адам.
  • маусымдық жұмыстарға 2 889 адам;
  • корпоративтік ауыстыру аясында 3 744 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 899 жұмыс беруші бар. Оларда 348 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96 пайызы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 949 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 930 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 369 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 210 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 120 адам, Өзбекстан – 2 478 адам, Түркия – 1 042 адам, Үндістан – 1 031 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөледі. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2 пайыз мөлшерінде немесе 14,8 мың болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мыңға дейін ұлғайтылды.

Биыл тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25 пайыз немесе 19,4 мың мөлшерінде белгіленді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз