Алматы полицейлері "Қайрат – Селтик" матчы кезінде күшейтілген режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ кей учаскелерде автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды қалалық ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Айта кетейік, 26 тамызда футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында алматылық "Қайрат" пен шотландиялық "Селтик" командалары арасында қарымта мачт өтеді.

Полицияның мәліметінше, жауапты матч кезінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шамамен екі мың полиция қызметкері жұмылдырылады.

Ойынды тамашалауға көптеген жанкүйер келеді деп күтіліп отыр, соған байланысты полицияның біріктірілген күштерінің жасақтарын күшейту жоспарлануда.

Полиция өкілдері қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және көлік ағынын реттеуге ерекше назар аударылатынын еске салды.

Сонымен қатар арнайы көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету және кептелістің алдын алу мақсатында Абай даңғылы – Байтұрсынұлы, Мұқанов және Сәтбаев көшелері аралығындағы аумақта автокөлік қозғалысына ішінара шектеу қойылуы мүмкін.

Алматы қалалық полиция пепартаменті тұрғындардан бағыттарын жоспарлау кезінде айтылған ақпаратты ескеруге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және полиция қызметкерлерінің нұсқауларына құлақ асуға шақырады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз