Алматы облысы білім басқармасының басшысы болып Арайлым Төлеубекова тағайындалды.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ол бұл қызметке 21 тамыздан бастап кіріскен екен.

«2025 жылдың 21 тамызынан бастап Арайлым Төлеубекова Алматы облысы білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды», – деп хабарлайды облыс әкімдігі.

Арайлым Ақсубайқызы 1977 жылы туған, 2004 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы, 2015 жылы Алматы Университетін «құқықтану» мамандығы, 2020 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген, 2017 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2001 жылы Іле ауданы Рахат ауылының №20 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған.

Әр жылдары Іле ауданы Рахат ауылының №20 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, №97617 әскери бөлімінің операторы, Іле ауданының білім және спорт бөлімінің жетекші маманы, Іле ауданы №4 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Энергетический ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, Іле ауданы №29 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Балауса» балабақшасының әдіскері, Іле ауданының білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтерлігінің заңгері, бас маманы, бөлім басшысы, Алматы облысы білім басқармасының Қонаев қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған.

2025 жылдың маусым айынан бастап Алматы облысы білім басқармасының Іле ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы лауазымында қызмет етті.