Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитеті ата-аналарды балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлуге шақырды.

Комитеттің хабарлауынша, соңғы уақытта БАҚ-та бөтен адамдардың ойын кейпінде балалармен танысып, сеніміне кіріп, оларды жабық чаттарға шақырып, заңға қайшы әрекеттерге итермелейтін жағдайлар жиілеген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Осыған байланысты ата-аналарға балаларын онлайн-қатерден қорғаудың негізгі жолдарын білу маңызды екені ескертілді.

Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі үшін:

  • жеке мәліметтерді (аты-жөні, мекенжай, телефон нөмірі, отбасы туралы деректер) жарияламау;

  • Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте сияқты әлеуметтік желілердегі күмәнді топтар мен анонимді чаттардан аулақ болу;

  • ата-ана тексермеген онлайн-ойындарға кірмеу.

Ата-ана баланың интернеттегі белсенділігін қалай бақылай алады?

  • Арнайы бақылау құралдарын пайдаланыңыз (Family Link – Android үшін, Screen Time – iOS үшін);

  • баланың достары мен жазылымдарын қадағалаңыз;

  • аты-жөні жоқ, түсініксіз белгілермен немесе күмәнді суреттермен жасалған парақшаларға назар аударыңыз.

Қауіпті белгілерге көңіл бөліңіз:

  • бала ұйқысы бұзылып, түнде жиі оянады;

  • денесінде түсініксіз жарақаттар немесе көгерулер байқалады;

  • тұйықталып, ашушаң болып, сөйлесуден қашады;

  • депрессивті немесе агрессивті мазмұндағы бейнелерді жиі көреді;

  • қорқынышты суреттер салып, оны түсіндіргісі келмейді.

Балаға қалай көмектесуге болады?

  • оның эмоционалдық жағдайын бақылаңыз;

  • күнделікті өміріне қызығушылық танытып, жиі сөйлесіңіз;

  • бала ойымен бөлісуге әрдайым дайын екенін сезінуі тиіс.

Көмек қажет болған жағдайда жүгінуге болатын орындар:

  • құқық қорғау органдары (102);

  • мектептегі педагог-психолог;

  • мектеп жанындағы ата-аналарды қолдау орталығы;

  • балаларды психологиялық қолдау орталығы;

  • өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл;

  • тәулік бойы тегін қызмет көрсететін "111" байланыс орталығы.

Айта кетейік, жақында әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң қабылданып, бір жыл ішінде бірқатар өзгерістер енгізілді.